Алматыда Әл-Фараби даңғылының бойына арнайы жол қоршауларын орнату туралы петиция жарияланды. Құжат Алматы қаласы әкімінің аппаратына жолданған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Петиция авторы бастамаға 2026 жылғы 21 наурызда Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов бульварының қиылысында болған жантүршігерлік жол апаты себеп болғанын айтады. Аталған жол апаты салдарынан Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапқан.
Автордың мәліметінше, ZEEKR 009 көлігі жоғары жылдамдықпен келе жатып қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан екі көлік бетпе-бет соқтығысқан.
Петиция иесі мұндай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін Әл-Фараби даңғылының қауіпті учаскелеріне арнайы барьерлік қоршаулар орнатуды ұсынды. Оның пікірінше, дәл осы инфрақұрылымның болмауы адам өліміне әкелген негізгі факторлардың бірі болуы мүмкін.
Құжатта Әл-Фараби даңғылы қаладағы ең ірі магистральдардың бірі екені, онда қозғалыс жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін рұқсат етілгені айтылған. Сонымен қатар жолда көліктердің қарсы бағытқа шығып кетуінің алдын алатын қоршаулардың жоқ екені көрсетілген.
Петиция авторы мұндай апаттар бұған дейін де тіркелгенін еске салды. Мысалы, 2025 жылғы 25 қарашада да осы даңғылда ұқсас жол-көлік оқиғасы болған. Бұл жағдай жол қауіпсіздігіне қатысты жүйелі мәселенің барын көрсетеді деп есептейді.
Сондай-ақ құжатта СТ РК 2368-2013 ұлттық стандартына сәйкес, көлік ағыны жоғары жолдарда арнайы металл барьерлік қоршаулар орнатылуы тиіс екені айтылған. Автордың пікірінше, Әл-Фараби даңғылының кей учаскелерінде бұл талаптар ескерілмеген.
Петицияда қоршаулар тек Меңдіқұлов қиылысында ғана емес, Әл-Фараби мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында, Esentai Mall маңында, ҚазҰУ аумағынан Ерғожин көшесіне дейінгі бөлікте, сондай-ақ Серкебаев көшесімен қиылыста да қажет екені көрсетілген.