Алматыда аялдамада 66 жастағы әйелді аяусыз ұрған ер адам сотталды

Алматыда аялдамада 66 жастағы әйелді аяусыз ұрған ер адам сотталды
видео кадры

Алматыда Қарғалы шағынауданындағы аялдамада 66 жастағы әйелді аяусыз ұрған ер адамға сот үкімі шықты. Сот оны бір жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 23 сәуірде таңертең Алматыдағы аялдамалардың бірінде болған еді. Әйелге жасалған шабуыл бейнебақылау камерасына түсіп қалып, видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Іс материалдарына сәйкес ер адам еш себепсіз егде жастағы әйелге шабуыл жасап, оның басы мен бетінен жұдырықпен 5-6 рет ұрып, сондай-ақ, денесі мен басынан бірнеше рет тепкен.

Салдарынан әйелдің басы мен бетінде көптеген жарақат пайда болған. Сот-медициналық сараптама оның денсаулығына жеңіл зиян келгенін анықтаған.

Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 2-бөлігі ("Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру") бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айырды. 

Сондай-ақ, сот жәбірленушінің азаматтық талабын қанағаттандырды. Сотталған ер адамнан 534 348 теңге материалдық шығын, өкіл қызметіне жұмсалған 500 мың теңге және моральдық зиян үшін 500 мың теңге өндірілді.