Алматы облысында 20 жеке сот орындаушысы букмекерлік кеңседе тұрақты түрде ойын шоттарын толықтырып, құмар ойындарға жүйелі түрде қатысқаны анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Олар ойын шоттарына аударған қаражаттың жалпы көлемі 180 млн теңгеге жуықтаған.
Тексеріс нәтижесінде олардың біреуі үш жыл ішінде ойын шотына 139 млн теңге, тағы бірі 26 млн теңге аударғаны белгілі болды.
"Маңызды функцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың осындай көлемдегі қаражатпен құмар ойындарға қатысуы кәсіби әдеп қағидаттарына қайшы келеді және қоғамның жеке сот орындаушылары институтына деген сеніміне кері әсер етеді", - деп ескертті прокуратура өкілдері.
Прокурорлық қадағалау актілері Әділет департаменті мен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданып, заңда көзделген шараларды қабылдау мәселесі көтерілген.