Алматы метросынан 29 пышақ, кастетке ұқсас 62 зат, төрт оқ-дәрі тәркіленген

Алматы метросынан 29 пышақ, кастетке ұқсас 62 зат, төрт оқ-дәрі тәркіленген
ІІМ

Алматы метросында жыл басынан бері 300-ден аса тыйым салынған зат тәркіленді. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Күн сайын метро қызметін 110 мыңнан 130 мыңға дейін жолаушы пайдаланады. Осыған байланысты метро аумағында қоғамдық тәртіп пен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жүргізген тексеріс барысында метро аумағына тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 310 адам анықталған.

"Заңсыз айналымнан 29 пышақ, кастетке ұқсас 62 зат және төрт оқ-дәрі тәркіленді. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында метро станцияларында заманауи бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Қазір нысандарда 604 бейнекамера орнатылған. Олардың бір бөлігі нақты уақыт режимінде адамды тану функциясымен жабдықталған", – деді метрополитендегі полиция басқармасының бастығы Орал Ахимов.