«Тәртiп» өз тарихын 1999 жылы қазыналық мемлекеттік мекеме ретінде бастағаны есімізде. Шынын айтсақ, ол жылдар Алматыда бүгінгідей тазалык атымен жоқ болатын. Қоқысқа арналған контейнерлер аузы-мұрнынан шығып, аулаларда апталап жататын кездерi жиi болатын. Қала шетiндегi жаңадан ашылған ықшамаудандардың айналасы мен Үлкен Алматы өзені бойы қоқыс алаңына айналып, түрлі зиянды жәндіктер қаптап, айтарлықтай қиындықтар туғызған қалақоржынындағы қаржы тапшылығы мен көптеген шағын кәсіпорындардың қоқыспен күресуге күшi жетпей жатқаны күні кеше сиякты едi.
Аталмыш кәсіпорынның басқарма төрағасы Ғалым Сәдібековтың айтуына қарағанда, өз мойындарына алған ауқымды жұмысты ойдағыдай атқаруға толық мүмкiндiктерi бар көрiнедi. Кәсіпорын балансындағы 152 бірлік техника түгелдей iске қосылған және жұмыс жағдайына қарай арнаулы қондырғылармен жарақталған. Ұжымда 800-ден астам жұмысшы тұрақты еңбек етеді. Ең бастысы, еңбек ақыны уақытында, толық көлемiнде төлеп тұрады. Кәсіпорынның қаржы көзi қалалықтарға көрсететін қызметінде.
Жер үйлерде бау-бақша, қора-қопсы болғандықтан қоқыс анағұрлым көп шығатыны белгiлi, соған байланысты бағаның сәл қымбаттау болуы орынды сияқты. Тағы бір айта кететін жайт, түскен табыстың тең жартысының иесі – қалалық әкімдік. Яғни, қала қоржынына құйылады деп түсiнуiмiз керек.
Ал, жеке шағын кәсіпорындар қосымша құннан түскен пайданың тек белгiлi бiр пайызын ғана салық ретінде төлейтінін ескерсек, «Тәртіп» АҚ-ы қала бюджетіне қомақты үлес қосып жатыр.
– Жұмыс барысында бiздерде де қиындықтар кездесіп тұрады, – дейді Ғалым Зайырұлы. – Жасыратыны жоқ, кейде аулада қоқысқа толы контейнерді көруге болады. Ол бiздiң мүмкiндiгiмiздiң жоқтығынан емес. Тұрғындардың өздері контейнерге барар жерге көліктерін қойып кетедi немесе кейбiр құрылыс мекемелерi коммуникациялар жүргізбек боп ор қазып бiздiң техникалардың жолын бөгейдi. Бiр нүкте үшiн бекiтiлген қатаң жұмыс кестесін бұза алмаймыз. Сiздер кездейсоқ куәгер болған әжейдiң уәжi дұрыс. Нақты қанша адам болса соларға ғана төлеуі керек. Ол үшін өздерінiң пәтер иелері кооперативінен анықтама алып келсе болғаны, артық төленген ақшасы қайтарылады немесе алдағы айлардың төлемақысын жабады. Кейде осыған керiсiнше жағдайлар да жиі кездеседі. Мысалы, пәтерде екi адам тіркелгенмен шын мәнінде 5-6 адам тұрады. Біріншіден, оны анықтау өте қиын. Әрбір үйді бас салып тексеру заңға томпақ келеді. Сондықтан, тіркеуден тыс тұрып жатқан адамдарға тегiн қызмет көрсетуге тура келедi. Қазiр кәсіпорындарға бара қалсаң «көз жастарын көл етіп» бастан кешіп отырған қиындықтарын алдымен ауызға алады. Бiздiң қаланың тазалығына үлкен үлес қосып отырған «Тәртiптiң» «жылап-сықтаушылардың» қатарынан еместiгi куантты.
Ресми деректерге назар аударсақ, Алматыдан күнiне орта есеппен 2000 тоннаға дейiн қоқыс тазартылып, шығарылады екен. Ал, көктемгі және күзгі сенбiлiктер бұл көрсеткіштер барынша еселенетін көрінеді. Осыншама қоқыс қайда кетіп жатыр? Оның барар жерi – қаладан отыз шақырымдағы орталық полигон. Алдында атап өткен қоқыс шығарушы ірілі-уақты кәсіпорындар, оған қоса Қаскелең қаласы мен аудандағы ауылдар полигонмен келісімшартқа отырып, қаланың да, даланың да қоқысын осында әкелiп төгеді. Полигон Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылынын дәл іргесінде «Алматы-Бішкек» тасжолының бойында орналасқан, арасы небәрi үш-төрт шақырым. Батысында «Арай» ауылы да алыс емес. Табиғаты тамылжыған Жетісу өңірінің көктемдегi көрiнiсi тым ерекше. Бір кездерде таудан тарамданып құлдилап ағатын тау өзендері тартып кеткен кең арналар бұл маңда жиі кездеседі. Біз айтып отырған полигон да осындай аңғарға орналасқан. Өзен құрғап, тартылғанымен жасыл желек жамылған алқаптың ажары айтарлықтай. Жақын маңдағы ауылдың малы да осында жайлады. Сырттай қарасаң жайлауды еске түсіреді. Бірақ, осыншама әдемі көріністің шырқын әр жерде төгілген қоқс бұзып жатыр. Соған қарағанда таяқ тастам жердегі полигонға жетпей, табиғатқа жаны ашымастар осы жолай тастап, жөніне кететiнге ұқсайды.
Полигон мен Әйтей ауылының арасын желмен ұшып жеткен кағаз, целлофан калдықтары жалғап жатыр. Алыстан көз жүгірткен адамға жасыл теңiз бетiне мыңдаған шағала келiп қонғандай әсер қалдырады. Бұл өңiрдiң табиғатына тамсана тұрып, полигон жасауға басқа жер табылмады ма деп еріксіз ойға қаласыз. Қоқыстың аты қоқыс, құрамындағы метан, этилен, фосфил сиякты түрлі зиянды заттар жерда емес, жерасты суларын да улап жатыр. Бүгін аңқыған ауасымен демалып, ертең ластанған суының зардабын шегіп жүрмесiмiзге кім кепіл? Сондықтан алып мегаполис Алматыға қоқыс төгетін полигон емес, қоқысты өңдейтін зауыт керек. Сол кезде жер асты сулары да ластанбас еді. Бүгінде дамыған елдер қоқыстың өзін кәдеге жаратып, пайдаға белшеден батып отырғанын білеміз. Біздің солардан қай жеріміз кем. Иә, осыған дейін қоқыс зауытын салуға талыпыстар болды. Бірақ соның бәрі аяғына дейін жеткен жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі еліміздегі экология мәселесін көтеріп, жергілікті билік пен Үкіметке тиісті тапсырмалар бергенін білеміз. Осы ретте Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдігі бірлесіп, бір қоқыс өңдейтін зауыт салуы керек-ақ. Әйтпесе Алматының әсем табиғатын құрытып бітеміз.