Алматының көгалдандыру жұмыстары халық денсаулығын нығайтауда

Dalanews 03 мам. 2021 04:03 788

Бүгінде Алматы қаласында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жасыл желек қаланың тынысын ашып, экологиялық ахуалының жақсаруына айтарлықтай септесуде. Бұл бағытта әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды алматылықтар жоғары бағалауда. Бұл жайында БМСК және оңтайландыру медицинасы мамандары ассоциациясының төрағасы, профессор Ержан Өтеулиев «Алматы қаласындағы көгалдандыру жұмыстары халықтың денсауылғының жақсарту бағытындағы маңызды жұмыс» деп бағасын берді.

– Қазіргі жүргізіліп жатқан көгалдандыру жұмыстары ең алдымен қоғам денсаулығын қалыптастырудағы игі істердің бірі деп білемін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасында «Дені сау қалалар» деген түсінік бар. Яғни, онда халықтың денсаулығын күшейтуге бағытталған үлкен шаралар қамтылады. Ол бағдарламаның өзіндік талап, қағидалары бар.

Сау қала болуға бет бұрған елдердің барлығы ең бірінші осы көгалдандыру жұмыстарына көңіл бөледі. Сонымен қатар улы қалдықтар бөлетін автокөліктерді азайтып, газбен жүретін көліктерге алмастыруды көздейді.

Өйткені, оның бәрі қаланың экологиясына, адамның денсаулығына аса қауіпті екені белгілі. Сәйкесінше, денсаулықты нығайтуға, халықтың белсенділігін арттыруға жағдай жасау қағида ретінде қалыптасқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының негізгі бағыты да – осы.

Дәл осы мақсатта денсаулық сақтау мамандары жылына бір рет бас қосып, қала әкімдерімен бірлесіп жоспар құра отырып, жұмыс жасайды. Себебі, көгалдандыру жұмыстары – тек қаланы, қоршаған ортаны көркейту ғана емес, бұл жалпы халықтың денсаулығын қалыптастыруға бағытталған ең негізгі істердің бірі, – деп білікті маман ойын ортаға салды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар