Алматының барлық ЖЭО-сы газға көшеді: экс-шенеунік маңызды деректерді бөлісті

Көркем Алдабергенова 21 қар. 2025 09:19

Алматыдағы үш бірдей жылу электр орталығының (ЖЭО) экологиялық жағынан тазаруы жақын жылдары толық аяқталуы мүмкін. Бұған қатысты экс-шенеунік Нұр Қанатұлы әлеуметтік желідегі жазбасында бірқатар дерек келтірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қытай консорциумы ЖЭО-2 нысанын жаңғыртады

Нұр Қанатұлының айтуынша, Алматыдағы ең ірі жылу көздерінің бірі саналатын ЖЭО-2-ні қытайлық компаниялар консорциумы қайта жаңғыртады. Жоба, оның болжамынша, Қытай тарапынан берілетін кредит есебінен жүзеге асуы мүмкін.

Қытай инфрақұрылымдық жобаларға несие берген кезде, келісімшарт бойынша барлық техника, жабдық және қажетті материалды тек өз өндірушілерінен сатып алуды міндеттейтіні белгілі. Сондықтан ЖЭО-2 толықтай қытайлық технологиямен жаңаруы ықтимал.

ЖЭО-3-ті қазақстандық компания қайта жаңғыртады

Ал ЖЭО-3-тің реконструкциясын қазақстандық компания жүзеге асырып жатыр. Жоба бизнесмен Қайрат Итемгеновке тиесілі құрылымдардың бақылауында екені ашық дереккөздерде көрсетілген.

ЖЭО-1 газға әлдеқашан көшкен

2017 жылдан бері ЖЭО-1 толықтай газбен жұмыс істейді. Бұл нысан қала атмосферасына түсетін зиянды қалдықтарды едәуір азайтқан алғашқы жылу орталығы болған.

Алматының ауасы тазара ма?

Нұр Қанатұлы Алматы тұрғындары үшін бұл өзгерістердің маңызы зор екенін айтады. Үш нысан да экологиялық таза отынға көшкеннен кейін қала ауасының жыл он екі ай бойы айтарлықтай тазаратыны күтіледі.

«Бұл  барлық алматылықтар үшін жақсы жаңалық. Жақын арада ауа әлдеқайда таза әрі сергек болмақ», - дейді ол.

Ең үлкен мәселе

Сонымен бірге, экс-шенеунік қаланың ең үлкен экологиялық проблемасы әлі де шешілмей отырғанын атап өтті. Алматыда бүгінде 85 жеке қазандық бар, олардың бәрі көмір жағады.

«Ендігі басты міндет - осы қазандықтардың мәселесін шешу», - деп жазады Нұр Қанатұлы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар