Алматылық жүк тиеуші бірнеше адамды қалай өлтіргенін айтып берді

Dalanews 17 сәу. 2018 04:17 1102

Алматылық жүк тиеуші өз құрбандарын қалай өлтіргенін айтып берді. 34 жастағы Замандин Палтуев апалы-сіңлілі әйелдерді «аяқ астынан» өлтіргенін айтты. Бұл туралы Палтуевтың қорғаушысы мәлімдеді.

Қылмыс асқан қатігездікпен жасалғандықтан, сот процесі жабық режимде өтті, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz. 

«Ол бүгін өз әрекетіне қатысты қонымды себептер айтқан жоқ. Бірақ бәрінің аяқ астынан орын алғанын айтты. Бір қылмыстың артынан екіншісі жалғасқан. Адам өліміне дейін жеткен. Сондықтан ол қазірдің өзінде өзінің жасаған әрекетінен есін жия алмай отыр. Өкінеді», – дейді қорғаушы Дін-Мұхаммед Нарымбетов.
34 жастағы алматылық ер адам бұған дейін сотты болмаған. Тіпті әкімшілік жауапкершілікке тартылмапты. Ол жүк тиеуші болып жұмыс істеген. Таныстары оны сабырлы, жуас адам ретінде білген.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында жан түршігерлік адам өлімі орын алды. Ер адам апалы-сіңлілілерді өлтіріп, бірінің әурет жерін, екіншісінің омырауын кесіп алған. Қорғаушының сөзінше, Палтуев құрбандарының бірімен қылмыстық оқиға орын алардан бір апта бұрын танысқан. Сол түні әйелдердің өздері ер адамды үйіне кіргізіпті.
Алайда араларында ұрыс туып, сотталушы үстел басында бірге отырған ер адамды ұрып жіберген.

Мұнан кейін апалы-сіңлілілерге тап беріп, өлтіріп тастаған. Құрбандарының бірі 17 жерінен, екіншісі 43 жерінен пышақ жарақатын алған. Бұл уақытта олармен бірге болған қонақ қашып үлгеріпті. Мұнан кейін үйден шыққан Палтуев жолда кетіп бара жатқан әйелді тонамақ болып, оны да пышақтап тастаған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар