Алматылық жігіт желідегі пікірі үшін ұсталды

Көркем Алдабергенова 14 қар. 2025 15:40

Алматы полициясы жарияланымның астында жарылыс жасаймын деп қорқытқан ер адамды ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Діни бірлестіктердің қызметіне қатысты жарияланымның астына белгісіз қолданушы жарылыс жасау туралы қорқыту мазмұндағы пікір қалдырған.

Бұл дерек бойынша «102» пультіне хабарлама келіп түсті. Оған Алматы қаласы полиция Департаментінің Экстремизмге қарсы күрес Басқармасы қызметкерлері жедел әрекет етті.

Жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде пікір авторының жеке басы анықталды. Ол – 2004 жылғы Алматы тұрғыны болып шықты. Ер адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.

«Интернетте қалдырылған болса да, кез келген қорқыту полиция тарапынан қоғамдық қауіпсіздікке нақты қауіп ретінде қаралады. Мұндай «әзілдердің» ауыр салдары бар. Әр хабарлама мұқият тексеріледі және кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деді Алматы қаласы ПД Экстремизмге қарсы күрес Басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.

Алматы полициясы азаматтарды әлеуметтік желілерді қолдануда жауапкершілік танытуға және қорқыту немесе құқыққа қайшы мазмұндағы хабарламаларды жариялауға не таратуға жол бермеуге шақырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар