Алматыдағы қаншама жанды тоғыстырған «Саяхат» автобекетіндегі «сағаттың түбі» да (тұрғындардың атауы бойынша) сағымға айналғанына көз жеткізесің. «Сағаттың түбінде» сағаттап күтетін күндерді еске алып қана қояды, олар. Әр сенбінің кеші, Алматыға аяқ басқан әр жастың құбыласы сол «Саяхаттағы» «сағаттың түбі» болатын. Өйткені, кездесу орнын белгілеген уақытта көпшілікке таныс, ел білетін жер деп таңдау соған түсетін көрінеді. Міне, санадағы ізі өшпеген естеліктерді сол уақыттарда халық табиғаттың сыйлаған сыйы деп баға беретін. «Аққу ұшып көлге кетті, құмай ұшып шөлге кетті» дегендей, қазір сол қос аққу қайда кетті екен?» – дейді олар бір сәт еске алып.
Бүгінде «сағаттың түбі» мен «Аққу» кафесінің жұрнағы да қалмады. Алайда, кешегі көркем күндердің белгісіндей болып қалған көркем жер «Аққу» бұрқағы қайта қалпына келтіріліп, айдынға аққулар қайта оралды. Оның қайта жаңғыруына Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы зообағының бастамасы себепші болып отыр. Маңызды әрі қызықты шараға қоғамдық бірлестік мүшелері, қалалық мәслихаттың депутаттары, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері және қарапайым қала тұрғындары қатысып, ортақ қуаныштарымен бөлісті. «Бұл алматылықтар үшін ерекше орын. Бізге бала кезімізден таныс. Қос аққудың бірге жүзгенін шынымен де көзіміз көрген еді. Біздің мақсатымыз да сол көңілге қуаныш сыйлайтын әсем көріністі қайта қалпына келтіру. Сол үшін құбырлар жүргізіліп, субұрқақ қалпына келтірілді», – деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Константин Авершин.
Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, құстарға субұрқақ ешқандай қауіп төндірмейді және олар лайықты дәрежеде бағып-күтілетін болады. Бес және алты жастағы аққулар күніне бір рет дәнді жемдермен қоректендіріледі. Және де таңнан кешке дейін арнайы қызметкерлер күзететін болады. Күзде бұрқақ өшірілген соң аққулар қайтадан зообаққа алынады.
Сонымен қатар, субұрқақтың маңайына да заманауи үлгіге сай жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Бүгінде субұрқақты жағалай жүретін қала тұрғындары үшін бұл жер таптырмас демалыс орнына айналып отыр. Біз де сан жылдарды артта қалдырып, айдынына қайта оралған аққулар жанға жылулық сыйлайтын сезім сырлары мен жаңа оқиғалардың мәңгілік кейіпкері болсын деген тілектеміз.
Мөлдір НҰРТАЙ
«Алматы ақшамы» газеті