Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин көшкін болған аумақтың жартысы тазартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Негізгі тазарту жолдары анықталды. Алдағы екі сағаттың ішінде басты жұмысты аяқтап, тағы да мәйіттердің бар-жоғын анықтаймыз. Сонымен бірге біз таудың жоғарғы бөлігін де тексердік. Түске дейін топырақтарды түсіріп, тазалаймыз. Ал комиссия себебін тексереді. Оның бірнеше негізгі себеп бар. Соның бірі бұл магистральдық су құбыры ғана емес, сонымен қатар биік ғимараттарға жүк түсіретін нөсер құбыры болып тұр», - деді әкім.
Сондай-ақ ол іздестіріліп жатқан адамдар мен қираған үй туралы да өз пікірін бөлісті.
«Осында тұрған екі жасөспірім - №48 мектептің оқушылары. Олар бүгін сабаққа келмеді. Мектеп директоры да осында», - деді Оразалин.
«Бұл ескі үй. 80-жылдары салынған, мен қателесуім мүмкін. Құжаттары дұрыс. Жаңа РАП бойынша ол R-1 аймағына ауыстырылды. R1 аймағы бұл жерде әрі қарай құрылысты шектейді», деп қосты ол.
Еске салайық, Алматыда тұрғын үйлерге қарай техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан көлемі 3200 текше метр лай түскен. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған. Қазіргі таңда екі адамның денесі табылды.