Алматыда вейп сатқан көлеңкелі топтың қызметі әшкереленді

Ақтоты Жапатова 30 шіл. 2025 16:00

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Алматы қаласы бойынша департаменті электрондық тұтыну жүйелерінің (вейп), дәмқосқыштар мен арнайы сұйықтықтардың заңсыз айналымымен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекетіне нүкте қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, тыйым салынған өнімдер Telegram мессенджерінде “ESCOBAR OPTOM” атауымен сатылып, тапсырыстар курьерлер арқылы жеткізілген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында қала аумағындағы бірнеше қойма мен жасырын сату орындары анықталды. Тінту кезінде 150 мыңнан астам электронды құрылғы мен вейп өнімдері тәркіленді. Алдын ала есеп бойынша, олардың заңсыз сатылымынан түсетін пайда 1 миллиард теңгеден асуы мүмкін еді.

Тергеу барысында бұл өнімдердің кәмелетке толмағандар, соның ішінде мектеп оқушылары арасында кеңінен таралғаны белгілі болды. Ұйымдастырушылар вейптерді әдейі жасөспірімдерге жеткізіп, олардың денсаулығына елеулі қауіп төндірген.

Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге деректер жариялауға жатпайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар