Алматыда 2025 жылы ұзындығы 5,7 шақырым, аумағы 23,4 гектар болатын Үлкен Алматы өзенінің жағалауын көріктендіру жұмыстары басталады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қласы Мәслихатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025–2027 жылдарға арналған тиісті бюджет жобасы алдағы Мәслихат сессиясында қаралады. Жобаға бетонды тірек құрылымдарын жаңарту, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын салу, көпірлер орнату, жарықтандыру тіректерін, бейнебақылау камераларын, балалар мен спорт алаңдарын, демалыс аймақтарын және модульдік қоғамдық дәретханаларды орналастыру кіреді. Сонымен қатар, аумақты көгалдандыру және қарау алаңдарын жасау көзделген.
Айта кетсек, 2024 жылы Алматының Алатау ауданында Боралдай өзені бойындағы 24 гектар аумақты қамтитын жасыл аймақты көріктендіру аяқталған болатын. Бұл жерде жаяу жүргіншілерге арналған көпір, скейтпарк, балалар мен спорт алаңдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері және модульдік дәретханалар орнатылды. Мұндай жобалардың тәжірибесі көрсеткендей, көріктендірілген жағалаулар мен жасыл аймақтар тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып, қалалық ортаның сапасын арттырады.