Алматыда түтінге қарсы қатаң режим басталады

Самал Асқар 16 қаң. 2026 09:10

Алматыда ауа сапасын жақсартуға бағытталған жаңа экологиялық талаптар енгізіледі, деп хабарлайды Dala News.

Қалада арнайы «таза аймақтар» құрылады. Бұл аумақтарда от жағуға, пеш тұтатуға, көмір мен ағаш жағуға тыйым салынады. Кейбір аудандарға экологиялық талапқа сай келмейтін көліктердің кіруі де шектелуі мүмкін.

Жаңа ережелер бизнеске де әсер етеді. Кафе, бар, кебаб дүкендері мен қоғамдық тамақтану орындары түтін мен иісті азайтатын сүзгілер орнатуға міндеттелмек. Бұл талап монша мен сауна секілді орындарға да қатысты болады.

Бақылау дрондар мен арнайы камералар арқылы жүргізіледі. Заңбұзушылықтар автоматты түрде тіркеледі. Әр көлікке жеке экологиялық стандарт белгіленіп, тек әкімдік рұқсат берген орталықтарда тексеруден өту мүмкін болады.

Депутат Тимур Елеусізовтің айтуынша, «таза аймақтар» әл-Фараби және Райымбек даңғылдары маңын, Шығыс айналма жолы мен Сайын көшесінің бөліктерін қамтуы ықтимал.

Жоба алдымен пилоттық режимде іске қосылады. Бұл кезеңде айыппұл салынбайды. Егер нәтиже оң болса, «таза аймақтар» қала аумағында кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Шенеуніктердің айтуынша, жаңа талаптар шамамен бір жылдан кейін толық күшіне енеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove