Алматыда тұңғыш рет ашық аспан астында кітап жәрмеңкесі өтеді

Dalanews 27 мам. 2022 11:29 831

28-30 мамыр аралығында Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов алаңында (Ғылым ордасының алды) тұңғыш рет ашық аспан астында «Алматы кітап жәрмеңкесі» өтеді.

Үш күнге созылатын ауқымды мәдени іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Кітап жәрмеңкесіне жақын шет елден келетін баспагерлер мен арнайы делегация (Қырғызстан, Ресей), отандық 50-ден астам баспа мекемесі мен кітап дүкені қатысады.

Бүгінгі таңда еліміздің баспа ісі саласы қарқынды түрде дамып келеді. Жәрмеңке аясында жаңа бағытта, заманауи технологиялармен шыққан кітаптардың таныстырылымы өтіп, авторлар, баспагерлер бас қосады.

«Алматы кітап жәрмеңкесінің» мақсаты – баспа мекемелері мен кітап дүкендерінің саудасын жандандыру, кітап нарығындағы түйткілді мәселелердің оң шешілуіне үлес қосып, кітап мәдениетінің дамуына серпін беру; оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайтып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолында дәнекерлік таныту және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастыру.


Жәрмеңке аясында қала тұрғындары мен қонақтары іздеген кітабын тауып қана қоймай, түрлі мәдени іс-шаралардың куәсі болады. Ақындар, өлеңге таласы бар оқушылар жырдан шашу шашып, отандық эстрада мерекелік концерт береді. Қабырғалы ақын-жазушылар кітаптарының тұсаукесерін жасап, қолтаңба беру рәсімін өткізеді.

Қаламгерлердің көшін бастайтын жазушы Роллан Сейсенбаев қолтаңба берумен қатар сатылымнан түскен қаражатты қайырымдылық қорына аударуды көздеп отыр.

Демек, жәрмеңкеге қатысып, қажетті кітабын сатып алған қала тұрғындары мен қонақтары қайырымды іске де мұрындық бола алады.

Қонақтар мен тұрғындар арасында түрлі интеллектуалдық сұрақ-жауап ойындары ойнатылып, жеңімпаздарға кітап толы қоржындар сыйға беріледі. Жәрмеңкеге қатысатын баспа мекемелері мен күтіп дүкендері оқушылар, жастар мен мен студенттерге баспа өнімін арзан бағада сатып алуға түрлі жеңілдіктер жасайды.

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасындағы «Сирек кітаптар мен қолжазбалар мұражайының» экспонаттары да жәрмеңке аясында көпшілік назарына ұсынылады. Мұнда Алаш арыстарының, ұлт қайраткерлерінің ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында жарық көрген кітаптарының түпнұсқасымен танысу мүмкіндігі қарастырылған.

  Ұлт руханиятының айтулы күндерінде баспа ісі, кітап саудасы, және қазіргі балалар әдебиетінің даму бағыты жөнінде дөңгелек үстелдер өтіп, осы саланың мамандары аталған мәселені жан-жақты талқылайды.


Кітап жәрмеңкесінің ашылуына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Абаеав Дәурен Әскербекұлы, Алматы қаласының әкімі Досаев Ерболат Асқарбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және өзге де әдебиет, мәдениет саласының көрнекті өкілдері қатысады.

 

 

БАҚ өкілдеріне қосымша ақпарат: Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы  8-727-397-61-15, 8 747 334 55 01, 8 707 829 2044

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар