Алматыда шамамен 1 миллиардқа түсірілген екі фильм прокатқа шықпай қалған

Көркем Алдабергенова 08 қаз. 2024 11:11 2201

Алматыда 500 миллион және 421 миллион теңгеге түсірілген екі фильм прокатқа шықпай қалған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласының прокуратурасы 2019-2023 жылдарға ұлттық киноны қолдауға бөлінген бюджет қаражаты қалай игерілгенін тексерген. Осылайша ұлттық фильмдерді қаржыландырудың тиiмсiз жүргізілгені анықталды. 

"Выбор" фильмі

Мысалы, 2019-2021 жылдар кезеңінде «Выбор» фильмін түсіруге 500 млн теңге сомасына толық көлемде қаржыландырылды. Алайда мемлекет толықтай қолдағанына қарамастан, фильм прокатқа сол күйі шықпады.

Ал «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы 1-тармағына сәйкес мемлекеттік қаржылық қолдау, ұлттық фильмдерді және соған байланысты іс-шараларды шығаруды, прокаттауды және көрсетуді ұйымдастыру, сондай-ақ ұлттық фильмдерді шетелде көрсету үшін ұсынылады. Оның үстіне, аталған фильмге прокаттау куәлігі алынбаған, бұл Заңның 14-бабы 1-тармағына қайшы келеді (ұлттық деп танылған фильмге ұлттық фильмнің куәлігі беріледі).

Осылайша мемлекет, заңнамада көзделген прокаттан және фильм көрсетілімінен түсетін кірістің 20 пайызын алу мүмкіндігінен айырылған.

421 млн теңге түсірілген фильм прокатқа шықпаған

Тағы бір ұқсас жәйт, 421 млн теңге бөлінген «Тырналар» фильміне қатысты. Қыруар қаржы бөлінген бұл фильм де прокатқа шыққан жоқ.

2019 жылдан бастап фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілмеген, ол елдің барлық кинотеатрында кинокөрсетілімдер мен сатылған билеттер бойынша, сондай-ақ фильмнің бюджеті бойынша статистиканы қадағалауға мүмкіндік берер еді.

Киножобаларға объективті іріктеу жүргізілмейтін Сараптамалық Кеңестің жұмысы жекелеген наразылықтарды тудырып отыр, оның үстіне кинокомпаниялардың продюсерлері, режиссерлері, актерлері, құрылтайшылары бір уақытта Сараптамалық Кеңестің мүшелері болып, нәтижесінде жоба қаржыландырылған, бұл ҚР Үкіметінің 2019 жылдың 15 наурыздағы №113 Қаулысына қайшы келеді.

Мемлекет тарапынан қаржылық қолдау болғанына қарамастан күтілетін мақсаттар мен міндеттерге орындалмаған, оған тексеру нәтижелері дәлел.

Қала прокуратурасының қадағалау актісі бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар