Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат (ТТР) алуға мүмкіндік беретін шетелдіктерге арналған сұранысқа ие мамандықтар тізімі кеңейтілмек, деп хабарлайды dalanews.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті түзетулер әзірледі. Жаңа жобаға сәйкес, шетел азаматтарының тұрақты тұруға рұқсат алуына негіз болатын сұранысқа ие мамандықтар саны 51-ден 174-ке дейін ұлғайтылмақ.
Министрлік бұл шешім ұлттық экономиканың қажеттіліктері мен басым салаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отырғанын атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, бастама жоғары білікті мамандарды Қазақстанға тартуға бағытталған. Бұл еңбек нарығындағы кадр тапшылығын азайтып, экономиканың маңызды секторларын дамытуға ықпал етуі тиіс.
Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, қоғамдық талқылауға шығарылды. Талқылау 2026 жылғы 6 қазанға дейін жалғасады.