Полиция Алматыда қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қалада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында "Заң және тәртіп: қауіпсіз қала" атты жедел алдын алу іс-шарасы бастау алды. Осы іс-шара аясында полиция қызметкерлері азаматтар көп шоғырланатын орындарда - жаяу жүргіншілер көшелерінде, саябақтарда, жол қиылыстарында, сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындарының маңында рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Қоғамдық орындарда қайыр сұрау және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін өзге де заңбұзушылықтар ерекше бақылауға алынған. Іс-шара барысында азаматтардың жеке басы анықталып, олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу заңдылығы тексеріледі. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.
"Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады: құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, кәмелетке толмағандар арнайы мекемелерге орналастырылады, ал шетел азаматтары заңды негіздер болған жағдайда сот шешімімен ел аумағынан шығарылады", – деді Алматы қаласы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде дау туғызатын видео тарады. Видеода кішкентай қыздар саябақтағы адамдарға тиіскені, ақша сұрап, бермесе, заттарын тартып алғаны, ұрғаны айтылды. Кейін олар елден шығарылды.
