Алматыда қазақ қыздарын қорлаған шетелдік стримерлер 15 тәулікке қамалды

Dalanews 08 ақп. 2026 13:47

Алматыда TikTok әлеуметтік желісінде қазақ қыздарына қатысты бейәдеп, қорлайтын сөздер айтқан шетелдік стримерлер 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот материалдарына сәйкес, аталған азаматтар - Ресей Федерациясының азаматы Анар Абдуллаев және Грузия азаматы Ренат Пашаев. Олар Қазақстан аумағында тұрақты тұрып, TikTok платформасында тікелей эфирге шығып, жазылушыларымен еркін форматта сөйлесу барысында қоғамда қабылданбаған әрекеттерге барған.

Сот қаулысында:

«Пашаев Р.А. TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир жазбасында қазақ ұлтының қыздарын талқылап, балағат сөздер қолданған» деп көрсетілген. Дәл осындай тұжырым Ресей азаматы Анар Абдуллаевқа қатысты да тіркелген.

Аталған фактілер қоғамда кең резонанс тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары шетел азаматтарының әрекетін ұлттық ар-намысқа тиетін, әдепке жат қылық ретінде бағалап, қатаң жауапкершілікке тартуды талап етті.

Соған қарамастан, құқық қорғау органдары бұл әрекеттерді ұсақ бұзақылық ретінде саралап, әкімшілік жаза қолданумен шектелген. Бұл жағдай қоғамда бірқатар сұрақ туындатты.

Атап айтқанда, егер шетел азаматтарының сөздерінде ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері болған жағдайда, іс Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қаралуы мүмкін еді. Аталған баптың екінші бөлігінде 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сонымен қатар, заңнамада шетел азаматтарын Қазақстан аумағынан мәжбүрлеп шығару тетіктері бар. Алайда, қолданыстағы нормаларға сәйкес, ұсақ бұзақылық мұндай негіздердің нақты тізбесіне кірмейді.

Дегенмен, қоғамда шетелдік азаматтардың мұндай әрекеттеріне қатысты қатаң шара қолдану, соның ішінде елден шығару және Қазақстанға қайта кіруге ұзақ мерзімге тыйым салу қажет деген пікірлер жиі айтылуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove