Алматыда қамауда отырған отбасылық жанжал шығарушыларға психологиялық тренинг өткізілді

Ақтоты Жапатова 14 там. 2025 11:56

Алматыда қамауда отырған отбасылық жанжал шығарушыларға психологиялық тренинг өткізілді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Ішкі істер министрінің 2025 жылды "Профилактика жылы" деп жариялауына орай, Алматы қалалық әкімшілік полиция қызметкерлері Жетісу аудандық полиция басқармасымен бірлесіп, әкімшілік қамауға алынғандар үшін арнайы қабылдау орнында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.

Сот шешімімен әкімшілік қамауға алынған азаматтардың арасында отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтар мен бұзақылық әрекеттер үшін жазаланғандар да бар. Осы азаматтармен қоғамдық қордың психологы кездесу өткізіп, жедел психологиялық тренинг жүргізді.

Тренинг барысында ол отбасылық құндылықтардың маңызына тоқталып, балалардың қауіпсіз әрі тыныш ортада тәрбиеленуі қажеттігін атап өтті. Себебі бала көбіне ата-анасының мінез-құлқын үлгі етеді.

— Біз тек жазалаумен шектелмейміз. Қайталанатын құқықбұзушылықтардың алдын алу маңызды. Осындай кездесулер арқылы біз отбасын — өзара құрмет, түсіністік пен жауапкершілікке негізделген орта екенін жеткізгіміз келеді. Тек сонда ғана отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендетіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, — деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар