Алматыда орташа статистикалық туристің бейнесі жасалды

Қаракөз Амантай 26 қыр. 2024 16:10 430

Almaty Tourism Bureau ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің және Mastercard-тың қолдауымен Алматыға келетін туристің орташа статистикалық бейнесін жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҰСБ және Mastercard-тың Tourism Insights аналитикалық платформасының мәліметтерін талдау нәтижесі көрсеткендей, шетелдік туристердің негізгі бөлігі достарымен бірге немесе жалғыз саяхаттайтын 26-35 жас аралығындағы ер адамдар. Шетелдік туристер мәдени іс-шараларды және экотуризмді жөн көреді, 42%-ы қонақ-үйлерде тұруды таңдайды. Орташа алғанда, олар Алматыда 5 күн болады және күніне шамамен 334 доллар жұмсайды.

Ішкі туристер негізінен 18-25 жас аралығындағы ер адамдар. Олар көбінесе туыстарына барады немесе хостелдерде тоқтағанды қалайды. Орташа шығындары күніне 38 долларды құраса, болу ұзақтығы 2 күн. Шетелдік туристің шығындары ішкі туристің шығындарынан 8,7 есе көп.

Жалпы, Алматының туристік саласы тұрақты өсім көрсетуді жалғастыруда. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыға келген туристер саны 10,1%-ға артып, 1 070 358 адамға жетті. Шетелдік туристер сегментінде айтарлықтай өсім байқалып, олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 15,6%-ға артып, 302 358 адамды құрады. Бұл Қазақстандағы жалпы туристік ағынның 53,3%-ын құрайды.

2024 жылдың алғашқы сегіз айында Алматының туризм секторындағы салық түсімдері 62,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 39,5%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 72,3%-ға артып, орналастыру орындары көрсеткен қызметтердің көлемі 32,5%-ға ұлғайды. Бұл ақпарат Алматыға туристердің қызығушылығының артқанын растайды

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар