Алматыда «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының жеңімпаздары анықталды

Ақтоты Жапатова 16 шіл. 2025 10:00

Алматыда «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өз мәресіне жетті. Финалға жолдама алған 8 отбасы ақтық кезеңде бақ сынап, қазылардың шешімімен Дүйсебаевтар әулеті үздік отбасы атанды. Енді бұл әулет елордада өтетін республикалық байқауда Алматы намысын қорғайды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқауға биыл да қала тұрғындары белсенді қатысты. Алматы бойынша байқауға 250-ден астам өтінім келіп түскен. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 8 жанұя финалға шықты.

Финал қорытындысы бойынша Дүйсебаевтар отбасы үздік атанды. Бұл әулет – педагогикалық еңбекпен өрілген жанұя. Отбасының тірегі Ұлболсын Дүйсебаева 40 жылдан астам уақыт бойы ұстаздық еткен. Жолдасы Әбдікамал Дүйсебаев және отбасы мүшелері де білім беру саласына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде әулеттің 9 баласы мен 3 немересі ұстаздық жолды жалғастырып жүр.

– Аллаға шүкір, еңбегіміз еленіп отыр. Отбасы берік болуы үшін ынтымақ пен сыйластық керек. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – біздің басты ұстанымымыз, – деді байқау жеңімпазы Ұлболсын Дүйсебаева.

Сайыс барысында қатысушылардың шығармашылық әлеуеті, еңбек жолындағы табандылығы мен қоғамға қосқан үлесі жан-жақты бағаланды.

– Байқауға түрлі салада еңбек етіп жүрген отбасылар қатысты. Арасында бірнеше буыннан тұратын әулеттер де бар. Биыл басымдық жұмысшы мамандық иелеріне берілді. Бірақ талапқа сай келу бірінші орында болды. Бұл байқау жыл сайын жақсы дәстүрге айналып келеді, – деді Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков.

Айта кетейік, қалалық кезеңде үздік шыққан 8 отбасыға қаржылай сыйақы табысталды. Ал Дүйсебаевтар әулеті алдағы уақытта Астанада өтетін республикалық байқауда Алматы қаласын таныстырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар