Алматыда Медеу маңында бассейн салынады

Сағыныш Сардарова 23 қаз. 2025 15:50

Алматыда бірегей нысан – биік таулы спорт кешені "Медеуді" жаңарту жұмыстары басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазір дайындық кезеңі жүріп жатыр, алдағы уақытта құрылыс аймағы қоршалып, негізгі жұмыстар басталады. Жоба аясында мұз айдынына арналған жаңа тоңазытқыш жүйесі орнатылады, инженерлік коммуникациялар толық жаңартылып, кешен газбен қамтамасыз етіледі. 

"Шығыс қанаттағы қонақ үй қазіргі нөмірлер қорын сақтай отырып, "төрт жұлдыз" стандартына сай қайта жобаланады. Сонымен бірге, спортшылар мен келушілерге арналған заманауи оңалту орталығы ашылады. Онда сауна, массаж бөлмелері және шұғыл әрі профилактикалық көмек көрсетуге арналған медициналық бөлім жұмыс істейді", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Кешен аумағында "3D" тұжырымдамасына негізделген интерактивті музей экспозициясы жасақталады. Ол заманауи мультимедиялық және көрме жабдықтарымен толық қамтылады. Батыс трибунада аумағы 900 шаршы метр болатын кофеханалары мен демалыс орындары бар кең терраса пайда болады. Ал кешен алдындағы кеңістікте, жер асты автотұрағының үстінде SUN-DECK атты демалыс аймағы құрылып, ол қала тұрғындары мен қонақтары үшін көпфункционалды қоғамдық алаңға айналады.

"Заманауи спорттық және сауықтыру кешенін жасауға ерекше көңіл бөлінген. Бұрынғы машина залының маңында көлемі 25×15 метр, жылы суы бар ашық бассейн салынады. Келушілердің ыңғайы үшін трибуна мен қабылдау бөлмесі, киім ауыстыратын бөлмелер және т.б. қызмет көрсету ғимараты қарастырылған. Бұл жаңа бассейн жыл бойы жұмыс істеп, қала тұрғындары мен туристерге тау баурайында таза ауада жүзу мүмкіндігін ұсынады.

Кешеннің айналасында серуен жолдары бар ерекше экопарк салу жоспарланған. Ол жерден жасанды сарқырама, Кіші Алматы өзені мен таудың әсем көрінісін тамашалауға болады. Негізгі нысандарды және жаңа демалыс аймақтарын байланыстыратын шығыс және батыс бағыттарда жүргіншілерге арналған екі көпір салынады", - деді әкімдік өкілдері.

Сондай-ақ, жергілікті климатқа төзімді жаңа ағаштар мен бұталар егіліп, бүкіл аумақ заманауи жарықтандыру және сәулеттік шамдармен безендіріледі. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуы үшін екі жолаушы жедел саты орнатылады.

Бұл жұмыстар 2027 жылдың 4-ші тоқсанына толық бітеді деп жоспарланып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар