Алматыда жүргізуші қарт әйелді аязды күні автобустан түсіріп жіберген

Ақтоты Жапатова 25 жел. 2025 10:35

Алматы қаласындағы қоғамдық көліктердің бірінде болған оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр. Куәгерлердің айтуынша, автобус жүргізушісі жолаушылардың жағымсыз иіске байланысты шағымынан кейін қарт әйелді аязды күні көліктен түсіріп жіберген, деп хабарлайды Dalanews.kz

Желіде оқиғаға қатысты видеолар таралып, қолданушылар жүргізушінің әрекетін адамгершілікке жат қылық деп бағалауда. Көпшілік қарт адамды ауа райының қолайсыздығына қарамастан қоғамдық көліктен түсіру оның қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін алға тартуда.

Әлеуметтік желі қолданушылары аталған жағдайға құқықтық баға беріліп, жүргізуші мен тасымалдаушы компанияның әрекеттері тексерілуі тиіс екенін жазып жатыр. Сонымен қатар олар жауапты органдардан ресми түсініктеме беруді талап етіп отыр.

Қазіргі таңда оқиғаға қатысты Алматы қаласының көлік саласына жауапты құрылымдары мен тасымалдаушы тарапынан ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Жағдайдың мән-жайы анықталған соң қосымша ақпарат ұсынылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар