Алматыда жол апатына ұшыраған автобус жүргізушісі қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты

Dalanews 09 қаң. 2024 09:24 1165

Алматыда жолаушының кесірінен жол апатына ұшыраған автобус жүргізушісі қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.

Алматыда жол апатына ұшыраған автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. 22 желтоқсанда Алматыдағы «Қалқаман» аялдамасында автобус жаяу жүргіншілерді басып кетіп, 3 адам қайтыс болды. Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Аталған дерек негізінде ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жолаушының шабуылынан есінен танып қалған жүргізуші өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Qaz365.kz тілшісінің сауалына полиция әйелден жауап алынғанын растады.

«Мен осы қайғылы жағдайға байланысты қаза тапқан марқұмдардың туыстарына көңіл айтамын. Менің тарапымнан ешқандай әдейі осылай істейін деген ниет болған жоқ. Мұндайды жауыма да тілемеспін. Өзімді кінәлі санамаймын. Жолаушы есімнен танып қалғанша ұрды.


Ауруханада жатқанымда тергеуші келді. Біреуі ер, екіншісі әйел. Сіз зардап шегушісіз. Кінәңіз жоқ деп айтқан. Енді жазылып шыққанда ауыр бап бойынша айыптап жатқанын білдім. Өзім арендаға үй жалдап тұрамын. Екі балам бар. Солар үшін еңбек етіп келемін. Менің жұмысыма ешкім шағымданбаған. Маған осындай қылмыстық кодекс бойынша не үшін ауыр айып тағып жатқанын түсінбеймін. Егер соққы алмағанымда, мұндай жол апатына жол бермес едім. Әділдік болады деп үміттенемін», – дейді Ермек Шөкебаева.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар