Алматыда жоғары лауазымды әскери қызметкерлер қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желілерде қорғаныс саласындағы бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Аталған мәселеге қатысты ҚР Ішкі істер министрлігі Kazinform агенттігіне пікір білдірді.
"ІІМ әскери-тергеу департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабы (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етуге жатпайды", — деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында ауыр қылмысты жасырған полиция басшысының орынбасары ұсталғаны туралы жазған едік.
“Прокуратура Қылмыстық кодекстің 433-бабының 2-бөлігі (қылмыстық құқықбұзушылықты жасыру) бойынша Байзақ ауданы полиция бөлімінің басшысының орынбасарына қатысты тергеуге дейінгі тексеру бастады. Ол ауыр санаттағы қылмысты қасақана жасырды деген күдікке ілінді. Атап айтқанда, ауданда болған 10,7 млн теңге ұрлығына қатысты қылмыстық құқықбұзушылық туралы арызды бірыңғай тергеу реестріне тіркемей, қылмысты жасыруға тырысқан. Жиналған дәлелдемелер негізінде оның әрекеті ҚК 433-бабының 3-бөлігі 2-тармағы бойынша (алдын ала сөз байласу арқылы топ болып ауыр қылмысты жасыру) сараланды.
Күдікті полиция қызметкері Қылмыстық-процестік кодекстің 128-131-баптарына сәйкес ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды”, – делінген облыстық прокуратураның баспасөз қызметі жарияланған хабарламада.