Алматыда жеке сот орындаушысы мемлекеттік лицензиясынан айырылды

Қаракөз Амантай 29 қар. 2024 14:54 838

Алматыда прокурорлық қадағалау нәтижесінде бір жеке сот орындаушы мемлекеттік лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, атқарушылық заңнаманың сақталуын тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар істер бойынша бірқатар заң бұзушылық анықталған.

"Атап айтқанда, алимент өндіріп алумен байланысты 6 атқарушылық іс жүргізу бойынша бұзушылықтар анықталды. Сот орындаушысы іс жүргізулерді бір өңірден екінші өңірге негізсіз жолдай отырып, жасанды жолмен созбалаңдыққа салған. Сондай-ақ тыйым салуларды заңсыз алып тастау, берешектерді өндіріп алу бойынша шараларды уақтылы қабылдамау және уәкілетті органдардың талаптарын елемеу жағдайлары анықталды", - деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.

Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да бұзақылық жасаған судья жазадан құтылып кеткені туралы жазған едік. 

Бір жыл бұрын Өскемен қаласында Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың төрағасы Ернар Ерболатовтың ұсталғаны белгілі болды. БАҚ мәліметінше, ол  көліктерді зақымдады және құқық бұзушылықты тоқтатуға тырысқан адамдарға қарсылық көрсетті деген күдікке ілінген.

Сот процесі 2024 жылдың жазында басталды.

Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Ерлан Андабаев Nege.aqsha-ның  ресми сауалына жауап ретінде сот отырысының басында сотталушы Ерболатов пен жәбірленушілер тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтату туралы өтініш білдіргенін хабарлады. Сот бұл өтінішті әрі қарай сот талқылауын өткізбестен қанағаттандырды.

"Айта кету керек, мемлекеттік айыптаушы істі тоқтатуға қарсы болды. Алайда, 2024 жылғы 6 тамызда Өскемен қаласының №2 сотының қаулысымен Ерболатов Е. Қылмыстық кодекстің 293-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, қылмыстық іс Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы, 1-бөлігі, 12-тармағы және Қылмыстық кодекстің 68-бабы, 3-бөлігі негізінде тоқтатылды", – деп хабарлады прокуратура.

Сот шешімімен келіспеген прокурор қаулының күшін жойып, қылмыстық істі мәні бойынша жаңа сот талқылауына жіберу туралы өтініш жасады. Алайда, ШҚО қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 26 тамызда бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетейік, қазір ШҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ресми сайтында төраға міндетін атқарушы ретінде басқа адам – Төлеген Тұрғамбаев көрсетілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар