Алматыда ерекше қажеттілігі бар балалар иппотерапиядан өтті

Жарбол Кентұлы 27 мау. 2025 14:47

Алматы қаласының цирк аренасында жылқының тыныш тынысы мен баланың ішкі алаңын бір арнаға тоғыстырған бір ерекше сәт өтті. Бұл жолы сахнадағы трюктар емес, қарапайым сенім мен серіктестік басты назарда болды. Қазақ мемлекеттік циркінің алаңында ерекше қажеттілігі бар балалар – церебралды сал ауруы, Даун синдромы мен аутизм диагнозы қойылған бүлдіршіндер Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен иппотерапия курсына тегін қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Жай ғана жылқыға мініп, шеңберді айналып өту емес – бұл балалар үшін ішкі сенімді оятатын, өзін өзгеден кем көрмеуге жетелейтін нағыз алғашқы қадамдардың бірі. Көбіне сыртқы әлеммен байланыс орнату қиынға соғатын балалар үшін бұл әдіс тыныш әрі нақты ықпал береді. Иппотерапия дегеніміз – ғылыми тұрғыдан дәлелденген оңалту тәсілі, ол қимыл-қозғалысты жетілдіруге, дене үйлесімділігін арттыруға, зейін мен сенімділікті қалыптастыруға бағытталған.

Nomad Stunts командасының кәсіби мамандары жаттығуды арнайы үйретілген жуас жылқылармен өткізді. Команданың жетекшісі Қанатбек Күнғожинов бұл жобаның мәнін қысқа ғана айтып өтті: “Жылқы баланың ішкі әлемін сезеді. Ол үшін – серік, дос. Біз әр балаға өз мүмкіндігіне сенуге мүмкіндік бергіміз келеді. Цирк тек шоу емес, адамдарға, әсіресе балаларға, шын көңілмен көмектесетін орын болуы керек.”

Жеті жастағы Әлім осы иппотерапияға алғаш қатысқан бүлдіршіндердің бірі. Анасы Меруерт Сәрсенғалиева ұлының эмоциясын алғаш рет анық сезген сәтін тебірене жеткізді. “Әлім адамдармен араласуға қиналатын. Бірақ осы сеанс кезінде ол жылқыға қуана отырып мініп, бірнеше айналымды сенімді түрде жасады. Оның күлкісі мен жүзіне жайылған жарық мен үшін ең үлкен көрсеткіш. Бұл – біздің ұзақ үмітіміздің нақты нәтижесі”, – дейді ол.

Цирктің бұл бастамасы – жалғыз акция емес. Иппотерапия сабақтарына балалар “АРДИ” қоғамдық бірлестігі мен әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары арқылы шақырылып отыр. Бүгінде Қазақ мемлекеттік циркінің базасында осындай курсқа 40-қа жуық бала қатысып үлгерді.

Қоғамның ең нәзік мүшелеріне – ерекше балаларына – осындай мейірімді орта мен жаңа серпіліс сыйлау біздің ортақ жауапкершілігіміз екенін Алматыдағы осы мысал тағы бір мәрте еске салып өтті. Шаттық пен сенімді бірге оятқан бұл жобалар жалғасын табуы тиіс. Себебі әрбір бала – үлкен үміттің иесі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар