Алматыда ерекше балаларға арналған түзету орталығында болған жанжалға байланысты орталық қызметкерлерінің бірі ұсталды. Ата-аналардың айтуынша, мекемеде балаларға қатыгездік көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Sputnik.kz мәліметінше, полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстаған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу амалдары жалғасып жатыр және іс полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы ерекше балаларға арналған коррекциялық орталықта болған жағдай қоғамда қызу талқыға түскен еді. Алматылық блогер орталықта балаларға қатыгездік көрсетілгенін айтып, әлеуметтік желіде бейнежазба жариялаған.
Осыдан кейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева аталған жағдайға байланысты тексеріс басталғанын мәлімдеді. Кейін полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастаған.
