Алматыда ер адам таныс әйелі мен оның алты жасар қызын шойын қазанмен ұрып өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Криминальный Казахстан telegram-арнасының мәліметінше, қаза болған әйелдің анасы да ауыр жарақат алған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, олардың арасында тұрмыстық дау шыққан. Ашуға бой берген ер адам қазанды қару ретінде қолданып, үш адамды соққыға жыққан.
"Баланың айқайын естіген көршісі пәтердің есігін қағып, не болып жатқанын анықтауға тырысқан. Бірақ қылмыскер оны да қазанмен маңдайынан соғып, әйел есінен танып қалған", - дейді дереккөз.
Қылмыстан кейін ер адам қанға боялған қазанды бір үйдің қақпасының жанында жасырған. Сотта ол өз кінәсін толығымен мойындамады. Алайда сараптама нәтижесінде қазаннан оның саусақ іздері табылды. Пәтерде басқа адамдардың болуына қатысты айғақтар табылмады.
Қылмыскер әйелді және оның алты жасар қызын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін ол адам өлтіргені үшін жазасын өтеп, мерзімінен бұрын босап шыққан болатын.
