Алматыда экологияға зиянды көліктер үшін ақылы кіру аймақтары енгізіле ме?

Қаракөз Амантай 27 ақп. 2025 17:31 252

Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуде алдағы жылдары экологиялық талаптарға сай келмейтін көлік иелері қаладағы белгілі бір аймақтарға кіру үшін ақы төлеуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

CMN.KZ мәліметінше, Досаев бұл мәселе бойынша қала билігі арнайы бағдарлама әзірлегенін айтты.

"Біз 2025-2027 жылдарға арналған бағдарлама жасадық. Кейбір шараларды 1 шілдеден, қалғанын 1 тамыздан бастап іске асырамыз. Біріншіден, барлық ірі қалалар сияқты, біз де автотұрақ құнын едәуір арттырамыз. Бұл – экологияға зиянды көліктерді қала ішінде жүруден біртіндеп шектеу үшін жасалып отырған шара", – деп түсіндірді қала әкімі.

Досаевтың айтуынша, қалаға кіру бойынша алғашқы шектеулер 2026 жылдың соңына қарай енгізілуі мүмкін. Бірақ Алматы тұрғындары мен экологиялық таза көлік иелері үшін белгілі бір жеңілдіктер қарастырылмақ.

"Мысалы, Алматыда тіркелген, бірақ экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктер белгілі бір аймақтарға немесе Шығыс айналма жолына тек ақы төлеу арқылы кіре алады. Ал электромобильдер мен экологиялық таза жаңа көлік иелеріне кіру тегін болады", – деді әкім.

Оның айтуынша, мұндай жүйе Нью-Йорк тәжірибесіне негізделген. Бұл қалада ақылы кіру аймақтарын енгізу арқылы көлік қозғалысын жақсарту мүмкін болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар