Алматыда БАҚ өкілдері мен өрт сөндірушілер бірлесіп квест өткізді

Жарбол Кентұлы 30 мау. 2025 12:14

Алматыда БАҚ қызметкерлері күніне орай ерекше форматтағы іс-шара өтті. "Өрт сөндіруші болуға тырыс" атты квестке түрлі медиа ұйымдарынан онға жуық маман қатысты. Олар бір күнге кәсіби құтқарушылардың рөліне еніп, төтенше жағдай кезінде әрекет етудің қыр-сырымен танысты.

Микрофонын арнайы құралдарға айырбастаған журналистер №10 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бас қосты. Алдымен құтқарушылар оларды арнайы техникалармен таныстырып, әр көліктің қызметі мен мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Одан кейін тәжірибелік жаттығу ұйымдастырылып, қатысушылар жоғары қысыммен су атқылайтын оқпан арқылы допты дәл тигізуге тырысты.

Айта кетейік, мұндай жабдық секундына 40 литр су шашады екен. Осы қарқынмен жұмыс істегенде, 5 тонналық көліктің суы 2 минутта, ал 8 тонналық техниканың қоры үш жарым минутта таусылатын көрінеді. Бұл ретте құтқарушылар оқиға орнына сусыз келеді деген қате пікірдің шындыққа жанаспайтынын айтады.

– Өртке біз екі бөлімше болып келеміз. Бірінші бөлімшенің суы 4-5 минутта бітіп қалады. Сондықтан үзіліссіз сумен қамтамасыз ету үшін екінші бөлімше автокөлікті су көзіне қояды. Өйткені оқпан секундына 7 литр су шашады. Қанат жаю барысында 500 литр суды құртып аламыз, – деді ТЖД № 9 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Айдос Дулатов.

Алып шаһар Алматыда төтенше жағдай немесе өрт болғанда өрт сөндірушілер 2 минуттың ішінде жиналып, оқиға орнына бару керек. Олар алдымен арнайы киімді 19 секундта киіп, оқиға орнына жөнеледі. Ал ғимараттағы өрттерді сөндіру үшін ең алдымен өрт сөндіргішті қолға алып, 1-2 метр қашықтықта өртті сөндіру керек.

Қатысушылар тілсіз жаумен күресіп қана қоймай, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарын да пысықтады. Қауіпсіздік талаптарына сай арнайы киім киген БАҚ өкілдері қою түтінге толы бөлмеге кірді. Олар бағытынан адаспай, түрлі кедергілерді еңсеріп шықты. Ал жаттығудың соңғы бөлігінде теңселмелі көпірден өтіп, жалын арасындағы жолмен ілгері жылжыды.

– Бұл киіммен жүрген жеңіл деп айтуға болмайды. Өйткені ғимарат ішіне кірген кезде қараңғы, тар. Еңкейіп, басты төмен түсіріп жүру керек және киім қысып тұрады. Жай жүгіре алмайсың. Осындай ауыр жұмыс атқарыи жүрген азаматтарға мың рахмет айтамын. Осылай қаншама адамды құтқарып жүр, – дейді қатысушы Диаскен Байтыбаев.

Іс-шара соңында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев ақпарат айдынында аянбай еңбек етіп жүрген журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Қауіп-қатердің бел ортасында жүрген құтқарушылардың еңбегін дер кезінде, шынайы жеткізіп жүрген қалам иелеріне алғыс айтып, бірқатар БАҚ өкілдеріне құрмет грамоталарын табыс етті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар