Алматыда ауланы көгалдандыруға тегін көшеттер беріледі

Ақтоты Жапатова 06 қаз. 2025 15:46

Алматының Экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» науқанының басталғанын хабарлайды. Қала тұрғындарынан көпқабатты үйлердің аулаларын көгалдандыру мақсатында жапырақты ағаш көшеттерін алуға өтінімдер қабылданып жатыр. Көшеттер тегін беріледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Науқан аясында бір адамға 20-ға дейін көшет беріледі. Өтініш беруші отырғызылған ағаштарға алдағы үш жыл бойы күтім жасау жөнінде кепілдік міндеттемесіне қол қоюға тиіс.

Өтінім 2025 жылы 12 қазанға дейін қабылданады. Көрсетілген мерзімнен кейін жіберілген өтінім қабылданбайды.

Қатысу үшін zhasyl_aula_2025@bk.ru электрондық поштасына келесі мәліметтерді жіберу қажет:

1. Қатысушының аты-жөні мен байланыс нөмірі, ағаш егілетін орнының нақты мекенжайы;

2. Ағаш отырғызылатын жердің фотосы (мамандарға орынды толық бағалауға мүмкіндік беру үшін панорамалық форматта болғаны жөн);

3. Қажетті көшет саны.

Көшеттер 2025 жылы 18–19 қазанға Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, Т. Рысқұлов көшесі, 1/1 («Eco Almaty» ЖШС) мекенжайында таратылады. Отырғызылған көшеттердің фотоесебін жолдау қажет.

Қосымша ақпарат алу үшін Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының Жасыл қорды басқару бөліміне мына байланыс нөмірлері арқылы хабарласуға болады: +7 778 382 60 01, +7 727 338 31 06.

«Жасыл аула» науқаны жеке тұрғын үй секторының (ЖТҚ) тұрғындарына, Алматы облысы тұрғындарына және заңды тұлғаларға арналмаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар