Алматыда "Ашық жүрек" атты тағылымды кездесу өтті

Ақтоты Жапатова 13 мау. 2025 18:08

13 маусым күні Алматы мемлекеттік бизнес колледжі мен Әлеуметтік интеграция орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен “Ашық жүрек” атты тәрбиелік-маңыздағы іс-шара өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл кездесу Қазақстанда жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы және IV Құрылтайда қойылған әлеуметтік-тәрбиелік міндеттер шеңберінде жүзеге асты.

Іс-шара аясында колледж студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері шоколадты печенье, табиғи лимонад пен канапе әзірлеуден шеберлік сағаттарын өткізіп, орталықтың тәрбиеленушілерімен бірге дәмді тағамдар дайындады. Сонымен қатар, колледж студенттері әзірлеген тәтті тоқаштар мен бәліштер шараға қатысушыларға таратылып, әр қатысушының көңілінен орын алды.

Шараның шарықтау шегі – студенттердің ұйымдастыруымен өткен жылы концерттік бағдарлама болды. Бұл – екі түрлі ортаның өкілдерін біріктіріп, мейірімділік пен өзара түсіністікті арттырған тағылымды кездесу болды.

«Біздің мақсатымыз – болашақ маманды даярлау ғана емес, сонымен қатар жүрегі ізгілікке толы тұлға қалыптастыру. Мұндай іс-шаралар студенттерге де, орталықтың тәрбиеленушілеріне де рухани азық береді. Бұл – шынайы тәжірибе мен өмірлік сабақ», – деп атап өтті Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Мукажанова Айнұр.

Іс-шара барысында Алматы мемлекеттік бизнес колледжі мен Әлеуметтік интеграция орталығы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат – алдағы уақытта да мұндай тағылымды кездесулер жалғасатынының айғағы.

Орталықтың тәрбиеленушілері мен қызметкерлері ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдіріп, дәл осындай көңілге жылулық сыйлайтын, қоғаммен араласуға мүмкіндік беретін кездесулер жиі өтсе деген тілектерін жеткізді.

«Біз бұл іс-шара арқылы қоғамдағы инклюзивті жандардың ортаға бейімделуіне үлес қосамыз. Сонымен қатар, студенттеріміздің жүрегінде мейірімділік отын жағамыз. Бұл – әлеуметтік жауапкершілік пен шынайы адамгершіліктің мектебі», – деді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құрманәлі Жұлдыз.

Бұл бастама – тек кездесу ғана емес, үлкен бір рухани көпір. Ізгілікпен біріктірген әріптестік жалғасын таба бермек. Себебі кәсіпқойлық пен жүректен шыққан әрекет – кез келген қоғамның қозғаушы күші.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар