Алматыда «Алатау» театры алғаш рет жаңғыртылуда

Ақтоты Жапатова 22 там. 2025 11:55

Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрына алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілуде. Ғимарат пайдалануға берілгелі бері мұндай ауқымды жаңарту қолға алынған емес. Нысанды Алматы мәслихатының депутаттары барып көрді. Делегацияға мәдениет, спорт, ішкі саясат, дін және жастар ісі жөніндегі комиссияның төрайымы Диана Ерлан жетекшілік етті. Сондай-ақ комиссия төрағасының орынбасары Серік Есматов, депутаттар Еркін Рақышев пен Дулат Рамазанов болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жөндеу жұмыстары театрдың негізгі аймақтарының бәрін қамтиды: қасбеті жаңартылады, кинозал заманауи талаптарға сай қайта жасақталады, еден жабыны мен орындықтары ауыстырылады, ғимараттың айналасы абаттандырылады. Ерекше назар аз қозғала алатын азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бөлінген. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың мақсаты – көрерменге де, шығармашылық ұжымға да ыңғайлы орта қалыптастыру.

Депутаттар қаладағы шығармашылық ұжымдардың жетістіктерін жоғары бағалап, олардың республикалық қана емес, халықаралық деңгейде де табысты өнер көрсетіп жүргенін атап өтті.

– «Алатау» театры 10 жылдық мерейтойын жаңарған, заманауи келбетімен қарсы алуы тиіс. Көрерменге кең, жарық әрі қолайлы кеңістік қажет. Бұл олардың үмітін ақтап қана қоймай, спектакль алдында жағымды көңіл күй сыйлап, театрдан алған әсерді күшейтеді, – деді олар.

Күрделі жөндеуді биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар