Алматыда 67 адамға суицид жасауға телеграмнан тапсырма берілген

Көркем Алдабергенова 03 қаз. 2024 16:47 2849

Алматыда телеграм арқылы тапсырма беріп, суицидке итермелеп жүрген арна анықталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласының прокурорлары контенті күйзеліске ұшырататын Telegram-арнаны бұғаттау шараларын қабылдады.

Тексеру барысында 67 адам телеграм арнадан суицидке бағытталған рөлдік тапсырмалар алғаны анықталды.

23 қыркүйекте сот, Алмалы ауданы прокурорының деструктивті чатқа тыйым салу туралы талабын қанағаттандырды.

Сот шешімі дереу Мәдениет және ақпарат министрлігіне орындауға жолданды.

Алматы прокуратурасы ата-аналарға интернетті қолдануда жауаптылықпен қараудың маңыздылығын еске салады, күдікті контент анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Бұған дейін Бас прокурор Берік Асылов балаларды суицидке итермелеген 15 мың сайт бұғаттағанын айтқан болатын. 

"Балалардың өзіне-өзі қол жұмсау толқыны қоғамда резонанс тудырды. Прокурорларға әр дерек бойынша тергеуді ерекше бақылауды тапсырдым. Әлеуметтік желілер балалардың суицид белсенділігіне әсер ететіндіктен прокурорлар 15 мың зиян сайт пен сілтемені бұғаттады", – деді Асылов Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Бас прокурор тиісті органдар қиын тұрмыстық жағдайдағы отбасылармен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

"Мемлекеттік органдармен суицидтің алдын алу бойынша шұғыл шаралар кешенін әзірлейміз" – деді ол.

Еске салайық, 16 қыркүйекте Алматыда екі бірдей оқушы жоғары қабаттан секіріп кеткен болатын. Салдарынан екеуі де мерт болды. Олардың бірі "ешкімге масыл болғым келмейді" деп әлдекімге хат жіберген. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар