Алматыда 40 қабатты Rams Beyond ғимаратының құрылысы тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматыда қоғамда қызу талқыға түскен Rams Beyond атты 40 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек хабарлады.
"Бүгін біз Алматыдағы 40 қабатты RAMS құрылысының-монтаждау жұмыстарын тоқтаттық! Менің рейдім барысында қала құрылысын бақылау басқармасы нысанға қатысты ресми нұсқама табыс етті", – деп жазды депутат Facebook-тегі парақшасында.
Rams компаниясы Алматыда тоғыз қабаттан биік ғимарат салуға болмайтын аймақта 40 қабатты мұнара тұрғызып жатқан еді. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Қалалық әкімдік құрылысқа рұқсатты жобаның «ерекше құндылығы мен бірегейлігіне» сүйеніп бергенін түсіндірген. Алайда депутаттар мен көршілес үйлердің тұрғындары бұған қарсы шықты.
Жақын маңдағы тұрғындар құрылысқа қарсы петиция бастап, оны мүлдем тоқтатуды талап еткен. Қоғам белсенділері мен кейбір депутаттар бұл нысан қала құрылысы ережелерін өрескел бұзатынын алға тартып отыр.