2025 жылдың 24 шілдесі, бейсенбі күні сағат 10:00-де Алматы қаласында «Жер-2025» республикалық оқу-жаттығуы аясында дабыл қағу жүйесі тексеріледі,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Мамандардың айтуынша, бұл жоспарлы шара, сондықтан дабыл дыбысы естілгенде қорқудың немесе дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ. Оқу-жаттығудың мақсаты — азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын пысықтап, халықтың дабыл дыбысына қалай әрекет ететінін тексеру.
«Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан, мұндай жаттығуларды жүйелі өткізу аса маңызды. Әрбір тұрғын эвакуация жолдарын алдын ала біліп, қауіпсіз орындарды белгілеуі тиіс», — делінген хабарламада.
Қауіпсіз орындарға ашық алаңдар, саябақтар, стадиондар сияқты ғимараттардан, электр желілерінен және үлкен ағаштардан алыс жерлер жатады.
Еске сала кетейік, мұндай оқу-жаттығулар — қала тұрғындарын төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге үйретудің бір жолы. «Жер-2025» аясындағы шаралар Қазақстанның басқа өңірлерінде де кезең-кезеңімен өтеді.