2025 жылдың 2-3 қазанында Алматыда «Туберкулезсіз Орталық Азия: ұлттық жетістіктерден өңірлік көшбасшылыққа» атты халықаралық конференция және өңірлік парламент саммиті өтті. Іс-шараға Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің депутаттары, денсаулық сақтау басшылары және халықаралық ұйым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Форум қорытындысында 2026-2028 жылдарға арналған туберкулезге қарсы күресті жеделдету жөніндегі аймақтық қарар қабылданды. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның туберкулез бойынша мақсаттарына мерзімінен бұрын жетті: 2024 жылы аурушаңдық 4%-ға, өлім-жітім 16,6%-ға азайған. Алғаш рет бала өлімі тіркелмеді.
Сонымен қатар науқастарға әлеуметтік қолдау кеңейтілді – амбулаторлық ем алушылардың 99%-ы мемлекеттен көмек алды. Қазақстан ҮЕҰ-ға бөлінетін қаржыны бір жарым есеге арттырды.
Саммитте ерте диагностика, инновациялық әдістерге қолжетімділік, тұрақты қаржыландыру және халықтың жауапкершілігін арттырудың маңызы айтылды. Қатысушылар аймақтағы бірлескен күш-жігерді жалғастырып, 2030 жылға қарай туберкулезді түбегейлі жоюға келісті.