Петропавлда цистерна жарылып, жұмысшы денесінің 95 пайызын күйік шалды

Петропавлда цистерна жарылып, жұмысшы денесінің 95 пайызын күйік шалды
Ашық дереккөз.

Петропавлдағы бетон зауытының аумағында техникалық май құйылған цистерна жарылып, бір жұмысшы ауыр жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

БАҚ мәліметі бойынша, оқиға 8 шілде күні таңғы сағат 10:00 шамасында жол құрылысына арналған бетон өндіретін кәсіпорында болған.

Жарылыс кезінде жоспарлы тексеру жүргізіп жүрген 51 жастағы оператор цистернаның жанында болған. Жарылыстан кейін оған ыстық техникалық май шашырап, ауыр күйік алған.

Зардап шеккен ер адам жедел жәрдем қызметімен Петропавл қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілді.

Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың денесінің шамамен 95 пайызын II–III дәрежелі термиялық күйік шалған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 1-бөлігі («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.