Алматыда 2025 жылдың бес айында инвестиция белсенділігі 28%-ға өсті

Ақтоты Жапатова 24 мау. 2025 10:57

Алматының экономикасы тұрақты дамып келеді. 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,5 пайыз. Өсу көрсеткішінің қарқыны барлық секторда байқалады. Бұл туралы Алматының Экономика басқармасы мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Өнеркәсіп өндірісінің динамикасы көңіл көншітеді. Нақты көлем индексі 114,1%-ға жетті. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінде к өсім деңгейі жоғары – 16,2%.

Құрылыс секторы жоғары қарқынмен дамуда: орындалған жұмыс көлемі 200,4 млрд теңгені құрады, бұл 24%-ға тең. Барлығы 1,1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді (+12,2%). Сонымен қатар, көппәтерлі инфрақұрылымға сұраныс артты (20%- ға өсті).

Сауда саласында да оң динамика бар: жалпы өсім 4,4%, соның ішінде бөлшек сауда – 7,9%, көтерме сауда – 3%.

Көлік пен қойма қызметі көлемі 24,4%-ға артқаны байқалады. Бұл мегаполистің логистикалық және іскерлік белсенділігінің жандануын көрсетеді. Байланыс секторы 3,3%-ға тұрақтады.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 28,2%-ға өсіп, 714,4 млрд теңгеге жетті. Салымның едәуір бөлігі – 557,5 млрд теңге – жеке инвесторлар есебінен қамтамасыз етілді. Бұл бизнестің қала экономикасына деген сенімін растайды.

Айналым мен сыртқы сауда өсуде. 2025 жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда айналымының көлемі (ЕАЭО елдерін есептемегенде) 7,8 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорт 7%-ға, импорт 2,2%-ға өсті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар