Таяуда Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы жасақталған болатын. Алматы қаласы Мәслихат жергілікті өкілетті орган ретінде бұл процесті заңнамаға сәйкес барынша ашық, жария түрде және қоғаммен диалог форматында ұйымдастырғанын Мәслихаттың төрағасы Мейіржан Отыншиев мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бірнеше кезеңдік конкурс пен ашық трансляциямен өткен сұхбаттасулар нәтижесінде Кеңес құрамына 42 адам енді, олардың арасында 39 – азаматтық қоғам, коммерциялық емес сектор мен сарапшылық қауымдастық өкілдері, 3 – мемлекеттік органдардың өкілдері болған. Өз кезегінде Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев Қоғамдық кеңестің қалай жасақталығаны айтып берді.
– Алматы қаласы Қоғамдық кеңесіне мүше болуы үшін қаламыздың белсенді азаматтары тарапынан барлығы 165 өтінім келіп түсті. Бұдан қаламыздағы азаматтық белсенділіктің деңгейі қаншалықты жоғары екенін байқауға болады. Құжаттарды тексеру барысында 7 үміткер конкурсқа жіберілмеді, 5-і келесі кезеңнен бас тартты. Қалғандары жұмыс тобының мүшелерімен жеке сұхбаттан өткізді. Жұмыс тобына қолданыстағы Кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары және ҮЕҰ өкілдері кірді. Оның құрамы да ашық дауыс беру арқылы бекітілген, – дейді Мейіржан Отыншиев.
Осылайша биыл Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің құрамы 70%-ға жаңарды. Кеңеске мүше болған азаматтар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, өндіріс, әлеуметтік осал топтарды қорғау және басқа да негізгі салаларда ұзақ жылдан бері еңбек етіп, мол тәжірибе жинаған азаматтар. Сонымен қатар Қоғамдық кеңеске 35 жасқа дейінгі жастар үлесі 21,4%-ға дейін өссе, кеңес мүшелерінің орташа жасы – 46 жасты құрап отыр. Бұдан басқа Алматы қаласы Қоғамдық кеңесіне алғаш рет қандастар мен Ұлттық құрылтай мүшелері де енгенін атап айтуға болады. ⠀
– Жаңа құрамнан – тәжірибені, жаңа идеялар мен азаматтық белсенділіктің үйлесімі байқауға болады. Бүгінде Алматы қаласы Қоғамдық кеңес билікпен тиімді диалог алаңына айналып, қалалық өмірдің өзекті мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарып отыр, – дейді Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы.
Кеңестің жұмысы ашық, жүйелі әрі есепті болуы үшін Мәслихат бұрынғыдай оның қызметіне жан-жақты қолдау көрсетіп, тұрғындармен диалогтың ашықтығын қамтамасыз етеді.