Алматы облысында бір отбасы қылмыстық істің тергелуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, мемлекет басшысына жүгінді. Әсем Абдуалиеваның айтуынша, оқиға 2025 жылғы 13 тамызда тұрғын үй ауласында болған. Оның сөзінше, бір азамат жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, балалардың өміріне қауіп төндірген. Кейін туындаған жанжал кезінде оның жұбайы жарақат алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ер адам келесі күні полицияға арыз түсірген. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, іс бойынша нақты нәтижелер жоқ. Абдуалиева тергеу әрекеттері толық жүргізілмей отырғанын айтады. Оның пікірінше, іс негізінен екінші тараптың уәжі бойынша қаралып, жұбайын кінәлі етіп көрсетуге әрекет жасалып жатыр.
"Бастапқы құқыққа қайшы әрекет қарсы тараптан басталды. Соған қарамастан, біздің уәжіміз ескерілмей отыр", - дейді ол.
Тұрғынды алаңдатқан тағы бір жайт – қарсы тараптың бұрын Іле аудандық полициясында қызмет атқарғаны. Іс дәл сол бөлімшеде қаралып жатқандықтан, ол тергеудің бейтараптығына күмән келтіреді.
Абдуалиеваның айтуынша, іс бірнеше рет тоқтатылып, қайта қозғалған. Бірақ осы уақытқа дейін куәгерлер толық сұралмаған, бейнебақылау жазбалары алынбаған, ал сот-медициналық сараптама қорытындылары да жан-жақты қарастырылмаған. Сонымен қатар, оның жұбайына қысым көрсетіліп жатқанын да алға тартады.
"Тергеу неге сонша ұзаққа созылады? Неліктен істің мән-жайы толық әрі әділ анықталмай отыр?" – дейді ол.
Оның айтуынша, жұбайы – үш баланың әкесі, отбасының асыраушысы әрі қарт ата-анасының қамқоршысы. Сондықтан істің әділ қаралуы олардың отбасы үшін аса маңызды.
Абдуалиева мемлекет басшысынан бұл іске құзырлы органдардың объективті тексеру жүргізуін қамтамасыз етуді сұрады. Ол тергеу барысында заңдылық пен бейтараптық сақталып, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдануы тиіс екенін атап өтті.
Тұрғын бұл мәселе азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдарға деген сенімді сақтау тұрғысынан әділ шешім табуы қажет деп есептейді.