Алматы облысында қызметтік көлікпен жол апатына түскен әкім әлі жұмысқа шықпаған

Көркем Алдабергенова 24 жел. 2025 09:06

Алматы облысында қызметтік көлікпен жол апатына түскен Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің әкімі әлі жұмысқа шықпаған. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, шенеунік ем қабылдауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Жол апаты 13 қыркүйекте Алматы облысындағы Қарасаз – Сарыжаз тасжолында болған. Полиция дерегіне сәйкес, Bestune T55 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, салдарынан көлік аударылып кеткен.

Апат салдарынан жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмып, әкім мен тағы бір адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Кейін Талғар ауданының әкімдігі жол апатына түскен көлікте Дулат Дәулеталиев болғанын растады. Қайғылы жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Шенеунік ауруханадан шығарылғанымен, қызметтік міндеттеріне әлі кіріспеген.

«Дулат Дәулеталиев стационардан шығарылды, қазір емін амбулаторлық түрде жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда ол ауылдық округ әкімі ретіндегі міндеттеріне кіріскен жоқ. Қазіргі уақытта еңбекке жарамсыздық парағында болғандықтан, оған қатысты қызметтік тексеру жүргізу мүмкін емес», – делінген жауапта.

Әлеуметтік желілерде жол апаты қызметтік көліктің қатысуымен болғаны туралы ақпарат тараған. Жергілікті әкімдік өкілдері апат болған күні көлік мақсатсыз пайдаланылғанын мойындады.

Еске салайық, бұл оқиға туралы алғаш болып Dalanews.kz редакциясы хабарлаған болатын

Бұған дейін біздің редакциямызға Нарынқол тасжолында жол апаты болғаны туралы ақпарат түсті. Ондағы ақпарат бойынша, көлікте Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев отырған. 

"Көліктегі адамдар аң аулауға шыққан. Біреуі қайтыс болған, үшеуі ауруханада", - делінген Dalanews редакциясына түскен ақпаратта. 

Dalanews.kz тілшілері Дулат Дәулетәлиев Алматы облыстық клиникалық ауруханасына ауыстырылғанын анықтады. Жағдайы динамикада жақсарған. Барлық медициналық көмек көрсетілген. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар