Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру және мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі өзіндік үлесін айқындау.
Байқауға, аудан, қала әкімдіктерінде қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілерден құралған 15 топ қатысты.
Жарысқа қатысушыларды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Бітебекова құттықтады.
– ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Мәңгілік ел» идеясын жариялады. «Мәңгілік ел» қазақ тілінің дамуымен біртұтас екенін ерекше атап өтті. Елбасының өз жолдауында мемлекеттік тіл туралы: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деп айтқан сөзі әрбір адамға жауапкершілік жүктейді, – деген Гүлнар Айдарқызы ана тіліміз рухани түп тамырымыз екендігін, елдіктің негізгі шарты ұлт рухының өсуімен, мемлекеттік тілдің даму биігімен өлшенетінін, осы орайда жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстардың аз еместігін, жыл санап мемлекеттік тілге қатысты атқарылып жатқан шаралар мен оған бөлініп жатқан қаржы көлемі де ұлғайып келетінін тілге тиек етті.
Өз сөзінде ол 2005-2006 жылдармен салыстырғанда мемлекеттік тілде іс-жүргізу 46 пайыздан 99, 3 пайызға жеткендігін, мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметшілердің ең басты біліктілік талабына айналғанын айтты. Сондай-ақ, байқауға қатысушы топтарға сәттілік тіледі.
Байқауға қатысушылар төрт тапсырма бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде сайыскерлер өздерін өлең-жырмен, қара сөзбен жан-жақты таныстырды. Екінші кезеңде әр команда лэд-экраннан көрсетілген жер-сулардың атауларын анықтап, қысқаша тарихынан сыр шертті. Үшінші айналымда топ мүшелері мемлекеттік тіл туралы басталған қанатты сөздерді жалғастырып, тілдерді дамыту саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілер туралы сұрақтарға жауап берді. Соңғы айналымда «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» тақырыбында музыкалық және театрландырылған қойылымдар көрсетті.
Байқаудың сарапшылары үміткерлер өнерін бағалау кезінде тіл шеберлігіне, сөз өнеріне, киім кию үлгісіне, сахнада өзін-өзі ұстауы сынды басты белгілерге баса назар аударды. Қазылар алқасының шешімімен байқудың бас жүлдесі барлық сыннан сүрінбей өткен Талдықорған қаласы әкімдігінің «ЭКСПО» командасына берілді. Бірінші орын ақындар мен батырлар елінен келген «Жамбыл жұлдыздары» тобына табыс етілді. Екінші орын екі топқа бұйырды. Атап айтсақ, «Алакөл қырандары» (Алакөл ауданы) тобы мен Панфилов ауданынан қатысқан «Алдаспан» тобы. Жүлделі үшінші орын үш ауданға бұйырды. «Алатау» тобы (Талғар ауданы), Қаратал ауданынан «Жалын» тобы және «Талшын» тобы (Сарқан ауданы). Сонымен қатар байқаудың арнайы номинациясы Еңбекшіқазақ ауданының намысын қорғаған «Руханият» тобына табысталса, ынталандыру сыйлығын «Тілдарын» (Көксу ауданы) тобы иленді. Барлық жеңімпазға ақшалай сыйлық пен арнайы диплом табыс етілді. Байқауда жеңімпаз атанған «ЭКСПО» тобы алдағы уақытта өтетін республикалық сайыста Алматы облысының намысын қорғайтын болады.