Алматы облысында Қапшағай жағажайын тазарту бойынша «Таза жағажай» атты тазалық акциясы өтті

Алматы облысында Қапшағай жағажайын тазарту бойынша «Таза жағажай» атты тазалық акциясы өтті
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысының орталығы - Қонаев қаласының жергілікті тұрғындар, жастар, белсенділер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен «Таза жағажай» экологиялық акциясы ұйымдастырылдыдеп хабарлайды Dalanews.kz

Акцияның мақсаты – жағажай аймағын тазарту, су айдындарының ластануының алдын алу және қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аудару.

«Біздің мақсатымыз - табиғатты таза ұстау және болашақ ұрпаққа мұра ету. Экологияның тазалығы мен қоршаған ортаны күтіп ұстау – әрбір азаматтың негізгі борышына айналуы тиіс. Осы орайда, барша тұрғындар бірлесіп, осындай шараларға белсенді ат салысу қажеттілігін айтып өткен жөн», - деді шаһар ардагерлері ұйымының төрағасы Базарбай Оралбаев.

Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы туралы ақпарат беріліп, экологиялық тәрбие жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, аталмыш шараға 200-ден астам адам ат салысып, жағажайды тұрмыстық қалдықтардан, пластик бөтелкелерден, қағаздардан және басқа да қоқыстардан тазалады. Нәтижесінде 3 тоннадан астам қоқыс жиналды.

Бұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.