Алматы облысында «Otbasy Fest» отбасылық фестивалі өтті

Dalanews 07 қар. 2023 07:28 1364

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында «Отбасы Банк» пен «KazSMU» құрылыс компаниясының ұйымдастыруымен Qonaev Otbasy Fest шарасы өтті. Ондағы мақсат ел арасында отбасы құндылықтарын насихаттап, қаржылық сауаттылықты арттыру.

Ауқымды фестиваль дүниежүзілік жинақтау күні мен «Отбасы банк»-тің 20 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылды.

Айтулы кештің ашылуында «Алатау жастары» мен «Дипломмен ауылға» бағдарламалары бойынша баспаналы болған Алматы облысының тұрғындарына тұрғын үй кілттері салтанатты түрде табысталды.

– Былтыр, «Алатау жастары» жобасын іске қостық. Бұл ретте, Алматы облысында  тіркеуде тұрған, кемі 1 жыл бойына облыс аумағында жұмыс жасаған жастарға пәтер кілттері берілді. Бұдан бөлек, биылдан бастап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша заем алу біздің банк арқылы іске асырылады. Бүгін біршама азаматтар бұл бағдарлама бойынша да армандаған пәтерлеріне қол жеткізіп отыр, – дейді Альфия Хасанова.



Айта кетейік, өткен жылы «Алатау жастары» бағдарламасына Алматы облысына 600 млн теңге бөлінген еді. Игілікті жобаның шеңберінде 50 адам баспаналы болып үлгерген. Келер жылы жоба қарқын алса, бір пәтерге бөлінетін қаржы құны 10 млн теңгеден 18 млн теңгеге дейін өседі деп жоспарланып отыр, сәйкесінше, тұрғын үй алушылар саны да артпақ.


Сондай-ақ шараға қатысқан «Kaz SMU» құрылыс компаниясы «Отбасы банкімен» бірге «Өз үйім» бағдарламасы негізінде ортақ келісімшартқа отырғанын хабарлады.  Банк салымшылары аталған компания салған үйлерді бастапқы 30 және 50 пайыздық алғашқы жарнамен ала алады. Шаршы метрі 350 мың теңгені құрайтын бұл пәтерлер Қонаев қаласын Алматы шаһарымен жалғайтын күре жолдың бойында орналасқан.

Сонымен қатар аталмыш құрылыс компаниясы өз қызметкерлеріне пәтер алуға жәрдемдесу мақсатымен  «Корпоративтік» бағдарлама аясында серіктестік орнатқан екен. Жобаның ерекшелігі сол, компания өз жұмысшыларына пәтер алуға қажетті бастапқы жарнаны өздері береді. Сол арқылы қызметкерлердің баспаналы болуына ықпал етеді.

Жалпы 5000 астам көрермен жиналған кеште Отбасы банк менеджерлері тұрғын үй бағдарламалары жайында кеңінен ақпарат таратты. Сонымен қатар, фестивальде эстрада жұлдыздары Райм, Бонапарт пен Қанай өнер көрсетті. Әншілер танымал хит індерін шырқап, жиналғандың көңілін көтерді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар