– Биыл біз Мемлекет Басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының аясында пандемиядан кейін экономиканың өсуін қалпына келтіру, инвестиция тарту және халықтың табысын арттыру жұмыстарын жалғастырып келеміз, – деп атап өтті Амандық Баталов.
Оның айтуынша, 10 айдың ішінде қуаты 1,2 млн тонна, инвестиция көлемі 47 млрд. теңге болатын «Алацем» цемент зауыты іске қосылған. Сондай-ақ, алкогольсіз сусындар шығаратын «Pure Pack» зауыты жұмысқа кірісті (қуаты 100 млн литр). Жыл соңына дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өндіретін және терең мұздататын «Frosco» кәсіпорнын (7,2 мың тонна), құрылыс материалдарын өндіретін «Алюгал» (жылына 6 мың тонна) және «Азия темір ЛТД» (10 мың тонна) зауыттарын іске қосу жоспарлануда.
Қазіргі кезде облыста «Кока-Кола», «RG BRANDS», «Хамле», «Филип Моррис», «Джей Ти Ай», «Фуд Мастер», «Danone», «Адал», «Кнауф-Гипс», «Алацем», «Эффес» сияқты ірі брендтік кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Трансұлттық компаниялардың республика бойынша 19 жобасының ішінде жалпы инвестиция сомасы 290 млрд.теңгені құрайтын 9 жоба облыста іске асырылуда. Олардың ішінде төрт жоба – «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo», «Фуд Миллс» жүзеге асты. Бұлардың барлығы жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған.
– Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. 300 млрд. теңгеден асады, шикізаттық емес экспорт 6 пайыз өсіммен 392 млн АҚШ долларына жетеді. Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес қабылданған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының арқасында мүмкін болды, – деді облыс басшысы Амандық Баталов.