Алматы облысында Наурыз мейрамы қалай тойланады?

Ақтоты Жапатова 11 нау. 2025 17:02 404

Алматы облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай кең ауқымды мерекелік шаралар өтеді. Тұрғындар мен қонақтар үшін театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар, концерттер мен ерекше мәдени перформанстар ұйымдастырылады,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

"Наурыз – бұл тек халықтық мейрам ғана емес, бұл – жаңару мен бірліктің, ұрпақтар сабақтастығының символы. Біз бұл мейрамды өңір тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше әрі есте қаларлықтай етуге бар күшімізді саламыз", - деп атап өтті Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым.

Дәстүрлер онкүндігі: әр күннің өз мәні бар

Биыл Наурыз мейрамы он күнге созылатын ерекше марафон форматында өтеді. Әр күннің өзіндік тақырыбы мен мазмұны бар:

  • 14 наурыз – Көрісу күні (татулық пен бірліктің символы);
  • 15 наурыз – Қайырымдылық күні;
  • 16 наурыз – Мәдениет пен дәстүр күні;
  • 17 наурыз – Отбасы және ұрпақтар сабақтастығы күні;
  • 19 наурыз – Жаңару күні;
  • 20 наурыз – Ұлттық спорт күні;
  • 21 наурыз – Бірлік күні;
  • 22 наурыз – Жыл басы (Наурыз мерекесінің басты күні);
  • 23 наурыз – Тазалық күні.

Жалпы өңірде 368 мерекелік іс-шара жоспарланған, олар барлық аудандарда өтеді.

Наурыздың басты мерекелік алаңдары

Мерекенің негізгі тойланатын үш басты орны анықталды:

🔸 Орталық алаң – мұнда 25 қазақы киіз үй тігіліп, қонақтар ұлттық салт-дәстүрлермен таныса алады. Келушілерге қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылып, ал басты сахнада Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті өтеді.

🔸 Қонаев көшесі – бұл алаңда қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі мен қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылады.

🔸 Б. Соқпақбаев атындағы қалалық парк – мұнда қазақша күрес, асық ату, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойындар өтеді. Сондай-ақ, қонақтар үшін арнайы фотозоналар, аниматорлар мен балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы әзірленген.

2025 жылғы Наурыздың басты оқиғалары

  • Қыдыр ата бейнесіндегі театрландырылған көрініс, тазарту рәсімдері және дәстүрлі наурызкөже тарату.
  • 100 домбырашы қазақ күй өнерінің майталманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арнап күй орындайды.
  • Қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті және жастарға арналған Open Air ашық аспан астындағы мерекелік шара.

Наурыз – жаңарудың, мейірімділіктің, ұлттық рухтың мерекесі. Алматы облысы барлық тұрғындар мен қонақтарды осы айтулы мерекені бірге тойлауға шақырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар