Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысының Балқаш ауданында жастарға арналған заманауи коворкинг орталығы ашылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл орталық аудан жастары үшін көптен күткен маңызды оқиға болды. Балқаш ауданындағы халықтың үштен бірін құрайтын жастардың жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді өткізуіне және қажетті ақпарат алуына мүмкіндік жасайтын орталық енді қызмет көрсетеді.
Орталықта жастарға білікті мамандар психологиялық және заңгерлік көмек береді, қаржылық сауаттылық бойынша кеңестер ұсынады, сондай-ақ жұмысқа орналасуға қолдау көрсетеді.
Жастар орталықтарының дамуы
Жастар орталықтары Алматы облысында жыл басынан бері қарқынды дамып келеді. Бұған дейін Қонаев қаласы мен Кеген ауданында осындай орталықтар іске қосылса, желтоқсан айында Райымбек ауданында тағы бір орталық ашылмақ. Ал келесі жылы Қаскелең қаласында жаңа орталықтың құрылысы жоспарлануда.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Ахметов бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
«Қазіргі таңда Алматы облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 420 мыңнан астам жас бар. Бұрын жастарға арналған, қиын кезде көмек көрсетіп, бас қосатын орталықтар болмаған еді. Біз бұл мәселені кезең-кезеңімен шешіп жатырмыз. Алдағы уақытта облыстың барлық ауданында жастар үшін заманауи инфрақұрылым құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жастармен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер
Коворкинг орталықтары өңір жастарын әлеуметтендірудің маңызды алаңына айналуда. Мұнда бизнес-тренингтер, шеберлік сабақтары, көрмелер, кездесулер мен түрлі үйірмелер тегін өткізіледі.
Қонаев қаласы мен Кеген ауданында ашылған орталықтарда жыл басынан бері 9 мыңнан астам жасты қамтыған 700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Шаралар негізінен интеллектуалды, IT және креативті салаларға бағытталған. Сондай-ақ, бұл орталықтарда бизнес желі құру бойынша кездесулер, танымал тұлғалармен сұхбаттар және шеберлік сабақтары өткізілді.
Балқаш ауданында ашылған жаңа орталық осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра отырып, жастардың әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады.